Алматыда коронавирусқа байланысты ауру өткен аптамен салыстырғанда 40 пайызға өсті, — деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Бұл туралы қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әсел Қалықова айтты.

«Қаңтарда коронавирус алдыңғы аптамен салыстырғанда 40 пайызға, ал жыл басынан бері 18 есе өсті», — деді ол ӨКҚ брифингінде.

Одан бөлек, Әсел Қалықова қай жастағылар коронавирусты көп жұқтырып жатқанын айтты.

«Науқастардың жас мөлшерін талдау бойынша 20-39 жас аралығындағы адамдардың үлесі 40 пайыздан 35 пайызға дейін төмендеді, бірақ бұл жас санатындағылар ең жоғары болып қала береді. Олардан кейінгі жас контингенті — 40-59 жас аралығындағы адамдар — 26 пайыз, 60 жастан асқан адамдар — 22 пайыз», — деді Әсел Қалықова.

Еске салайық, бүгінде эпидахуалды бағалау матрицасы бойынша Алматы қаласы «қызыл» аймақта.