Қазақстанда оқушы қыздар арасында адам папиллома вирусына (АПВ) қарсы екпе салу басталды. Власть осы екпе туралы кең тараған сұрақтарға жауап береді.

1

Адам папиллома вирусына қарсы екпе міндетті ме?

Қазақстанда адам папиллома вирусына қарсы екпені салдыру ерікті. Ата-анасы немесе қамқоршысы ақпарат ала отырып келісімге қол қойғаннан кейін 11–13 жастағы қыздарға салынады.

2

Адам папиллома вирусына қарсы екпе не үшін керек?

Адам папиллома вирусына қарсы екпе әйелдерді жатыр мойны обырынан қорғайды. Оған адам папиллома вирусының онкогендік типтері себеп болады. Жыл сайын Қазақстанда жатыр мойны обырынан (ЖМО) алты жүзден астам әйел қайтыс болады. Ол Қазақстан әйелдері арасында қатерлі ісік жөнінен сүт безі обырынан кейінгі екінші орында тұр.

3

Қазақстанда қандай екпе қолданылады?

Адам папиллома вирусынан сақтану үшін Қазақстанда төрт валентті «Гардасил» вакцинасы қолданылады, ол адам папиллома вирусының 4 типінен қорғайды — 6, 11, 16,18. Бүкіл әлем бойынша жатыр мойны обырының 71 пайызы адам папиллома вирусының онкогенді 16 және 18-типтерінен болады. 6 және 11 АПВ сүйір түймешіктің шамамен 90% жағдайына және жатыр мойны дисплазиясының (CIN 1) 9–12% жағдайына себеп болады. Вакцина өндіруші — Мерк Шарп және Доум Корп., АҚШ. Жалпы әлемде тіркелген адам папиллома вирусына қарсы екпе саны онға жетпейді, өндірушілер арасында Бельгия, АҚШ, Үндістан және Қытай бар. Олар адам папиллома вирусының 2, 4 және 9-типтерінен қорғайды.

4

Екпеде адам папилломасының тірі вирусы бар ма?

Жоқ, адам папиллома вирусына қарсы екпеде тірі вирус, тіпті вирус ДНҚ да болмайды, демек, жұқпалы емес. Адам папиллома вирусына қарсы екпе рекомбинант түрге жатады. Бұл кері әсері тұрғысынан ең заманауи және қауіпсіз екпе болып есептеледі. Олардың ерекшелігі — патогеннің белгілі бір бөлігіне бағытталған. Бұл иммундық жауапты мейлінше оңтайландырады және тиімді әрекет етеді.

5

Адам папиллома вирусына қарсы екпені неше жаста алуға болады?

Төрт валентті «Гардасил» вакцинасы 9 жастан 15 жасқа дейінгі жас аралығындағы балалар мен жасөспірімдерге, әрі қарай 16 жастан 45 жасқа дейінгілерге ұсынылады. 9 жастан 15 жасқа дейінгі кезеңде иммундық жауап пайда болуы үшін арасына 6 ай салып екі доза алу жеткілікті, ал 16 жастан бастап салса, 3 доза керек болады.

6

Адам папиллома вирусы қалай жұғады?

АПВ адамнан адамға инфекция жұққан терімен, шырышты қабықпен және ағза сұйығымен тікелей байланыс болғанда беріледі. Байланыс-тұрмыс тәсілі, яғни қол алысу, сүйісу, терінің зақымдануы арқылы жұғады. Вирус ылғал ортада тез тарайды, сондықтан сауна, монша, спортзал, әжетхана және бассейн секілді қоғамдық орындарға барғанда сақ болу керек. Жыныстық жолмен жұққан жағдайда — жыныстық қатынас немесе жыныс мүшесіне жанасу кезінде инфекция жұққан жермен байланысудың кез келген түрі болуы мүмкін. Мүшеқап адам папиллома вирусынан толық қорғай алмайды, өйткені жыныс мүшесінің терісін толық жауып тұрмайды. Ауру жұқтырған анадан сәбиге туылу кезінде беріледі. Өз-өзіне жұқтыру — АПВ ұзақ уақыт бойы тырнақ астында сақталуы мүмкін, демек, адам инфекцияны тасымалдап, өз-өзіне жұқтыруы мүмкін. Маңызды жайт: АПВ қан және шәует арқылы берілмейді.

7

Адам папиллома вирусының емі бар ма?

АПВ инфекцияның заманауи медицина дәлелдеген және мойындаған емі жоқ. Оның үстіне емнің қажеті де жоқ, көп жағдайда АПВ бір-екі жыл ішінде өздігінен кетеді. Кей жағдайда адам папиллома вирусының онкогендік типтері ағзада қалып қойып, қатерлі ісіктің өсуіне себеп болуы мүмкін. Вакцина осындайдан қорғайды.

8

Екпе салғанға дейін АПВ-ге анализ тапсыру керек пе?

Жоқ, керек емес. Вакцина адам бойында осы вирустың белгілі бір типі болғанның өзінде де тиімді болады. Сонымен қатар екпе адамды жұқтырмаған басқа типтерден де қорғайды. 25 жасқа дейінгі әйелдерден адам папиллома вирусын тексерудің қажеті бола бермейді. Қаперде ұстайтын жайт: Қазақстанда скриниң тексеру 30 жастан 70 жасқа дейінгі әйелдерге жасалады. Жатыр мойнында қатерлі өскін бар-жоғын анықтау үшін әр төрт жыл сайын ПАП-тест (Папаниколау жағындысы) тапсырып тұру керек.

9

Вакцинаның тиімділігі қандай?

Бұрын АПВ жұқтырмаған және вакцинаның толық курсын аяқтаған жандар арасында жатыр мойны дисплазиясына (CIN) қатысты 96%, жыныс мүшесі кондиломасына қатысты 99% тиімділікті көрсеткен. 2013–2015 жылдары Қазақстанда мектеп оқушылары арасында адам папиллома вирусына қарсы екпе салу бойынша пилоттық жоба жасалды. Жуырда жасалған зерттеудің нәтижесі екпе салынған 1120 қыздың ешбірінен жатыр мойны дисплазиясы, атипі немесе жатыр мойны обыры, сондай-ақ адам папиллома вирусының онкогендік 16 және 18-типтері анықталмағанын көрсетті. Ал осы жас тобындағы вакцина салынбаған әйелдер арасында әр бесінші адамнан АПВ онкогендік типтері анықталған.

10

Екпенің кері салдары қандай?

Тұрақты кері салдары көп емес. Бірінші — екпені салғаннан кейін 48 сағат ішінде күшті реакция береді (температураның 40 градусқа дейін және одан жоғары көтерілуі, құрысу, гипотония-гипореактив синдромы). Екінші — вакцинаның алдыңғы дозасынан кейін немесе оның кез келген компонентіне ауыр аллергиялық реакция (соның ішінде анафилаксия). Маңызды жайт: күшті реакция түріндегі кері салдары анамнездегі басқа екпелерге емес, адам папиллома вирусына қарсы вакцинада ғана байқалады.

11

Қандай жанама әсері болуы мүмкін?

Халықаралық мәліметтер бойынша, АПВ салған барлық жастағы ерлер мен әйелдерде ине салынған жерден ауырсыну (35–88%), қызару (5–40%) және ісіну (4–35%) байқалған. Вакцина салынғандардың шамамен 6 пайызы қалыпты жүріп-тұруға кедергі келтіретіндей қатты ауырсынғанын айтқан. Жүйелі (жалпы) реакцияға бас ауыру, бас айналу, бұлшықеттің ауыруы, буын ауыруы, жүрек айну, лоқсу және іш ауыруы секілді асқазан-ішек симптомдары кіргізілді. Бақылау жалпы алғанда жүйелі реакциялар мейлінше жеңіл болғанын және өздігінен жазылғанын көрсетіп отыр. Сонымен қатар өзге вакциналарға да тән вазовагалды естен тану сирек те болса кездескені айтылады. Бұндай жағдай вакцина сапасына емес, эмоциялық күйге байланысты. Маңызды жайт: осындай естен тану кезінде құлау және зақымдану қатері болмас үшін вакцинаны отырған немесе жатқан күйде алу керек. Осы күйді 15 минут бойы сақтаған дұрыс.

12

Вакцина бедеулікке әкеле ме?

Жоқ, адам папиллома вирусына қарсы екпе бедеулікке әкелмейді. Керісінше, оның қызметі ұрпақ өрбіту органдарын онкологиялық аурулардан қорғайды. ҚазОжРҒЗИ зерттеуі бойынша, 2013–2015 жылдардағы пилоттық бағдарлама жүргізген сәттен бері өткен 10 жыл ішінде вакцина алған 131 әйел біреуден немесе екеуден тірі бала туған.

13

Адам папиллома вирусына қарсы вакцинаны қай елдер пайдаланады?

2023 жылғы мәлімет бойынша, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына мүше 194 елдің ішінен 135 ел адам папиллома вирусына қарсы екпені иммундау бағдарламасына енгізген. АҚШ, Аустралия секілді бірқатар елде вакцина қыздарды ғана емес, ұлдарды да қамтиды. ТМД елдерінде адам папиллома вирусына қарсы екпені Өзбекстан, Қырғызстан, Түркіменстан, сондай-ақ Грузия мен Армения өз бағдарламасына енгізген.

14

Адам папиллома вирусына қарсы екпе тағы неден қорғай алады?

Жатыр мойны обырынан бөлек АПВ инфекция әйелдер арасында да, ерлер арасында да барлық қатерлі ісік ауруының 5,2 пайызына себеп болады. Олардың арасында — тік ішек, қынап, сарпай, еркектің жыныс мүшесі, анус қатерлі ісігі, сондай-ақ бас пен мойын қатерлі ісігі бар.

15

Вакцинаны қайдан алуға болады?

Адам папиллома вирусына қарсы екпе мектептерде 11 жастағы қыздарға салынады. Вакцинаны емханада немесе ақылы түрде екпе орталықтарында алуға болатыны туралы мәлімет әзірге жоқ.