Қазақстанда “AрселорМиттал Tеміртау” (AMT) компаниясының негізгі инвесторы Лакшми Митталды қылмыстық жауапкершілікке тартуды талап ететін петицияға қол жинау басталды.

Бұл жөнінде Caravan.kz медиа порталы Stan.kzке сілтеме жасап хабарлайды.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына қайырылған петиция авторлары соңғы 15 жылда аталған нысанда 100-ден астам адам қаза тапқанына тоқталып, бұл көрсеткіштің жыл өткен сайын артып жатқанын баса айтқан.

“Біз, петицияға қол қойған азаматтар, "АрселорМиттал Теміртау" компаниясының қожайыны Лакшми Миттал мен менеджері Палаватха Кришнанның қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуде әрекетсіздікке барғаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартуды талап етеміз! Сондай-ақ компаниядағы еңбек жағдайын тексеруі тиіс мемлекеттік қызметкерлерді де естен шығармау керек!”, – делінген құжатта.

Петиция авторлары сонымен қоса соңғы 5 жылда "АрселорМиттал Теміртау" компаниясының табысы 1 трлн теңгені құрағанын айтады. Сөздерінше, компания өзінің менеджері Палаватха Кришнан Наир Биджуға 2021 жылы 375,9 миллион теңге немесе айына 31,3 миллион теңге немесе күніне шаққанда 1,01 миллион теңге төлеген.


  • Костенко шахтасындағы жарылыс алдында шыққан кенші болған жағдай туралы айтып берді

  • "АрселорМиттал Теміртау" тарихымыздағы ең нашар компания болды – Тоқаев

  • Костенко шахтасында қаза тапқан кеншілердің отбасыларына қандай көмек көрсетілетіні белгілі болды

Естеріңізге сала кетейік, 28 қазанда Костенко шахтасында метан газы жарылған. Соққы толқынының таралу диапазоны 2 км-ден асқан. Апат кезінде жер астында 252 шахтер болған деп айтылады. 206-сы өз бетімен жер үстіне шыққан. Қалғандары сыртқа шыға алмай қалған.

Алдын ала мәлімет бойынша, апатқа көмір оятын орыннан өрт шығуы себеп болған.

29 қазан елімізде жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды. Бүкіл елде жалаулар түсіріліп, барлық ойын-сауықтар тоқтатылды.

Апаттан кейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан үкіметіне "АрселорМиттал Теміртау" АҚ-мен ынтымақтастықты тоқтатуды тапсырды. Қарағанды ​​облысында кеншілердің өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалғаны белгілі болды. Үкімет "АрселорМиттал Теміртау" АҚ меншігін Қазақстанның пайдасына беру жөніндегі мәміле қазірдің өзінде аяқталып жатқанын мәлімдеген.

Айта кетейік, бұған дейін егер Лакшми Миттал кінәлі деп танылса құқық қорғау органдары оны жауапқа тартуға құқылы екені айтылған.