Қазақстанда тұтынушыларға электр энергиясын жеткізушіні таңдауға мүмкіндік берілмек. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінде LS-ке егжей-тегжейі айтылды.

Агенттіктің мәліметінше, өңірлердің бірінде электр энергиясын бөлшек саудада өткізу нарығында онлайн-платформаны (маркетплейсті) пайдалану бойынша пилоттық жобаны іске қосу жоспарлануда. Бұл жеткізушінің цифрлық ауысуын қамтамасыз етеді.

Бұл платформаны енгізу 2025 жылға дейін кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобада көзделген. ШОБ-ты дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасына сәйкес жобаны іске асыру мерзімі – 2025 жылдың IV тоқсаны. Оған энергетика министрлігі, бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі (келісім бойынша) және электр энергиясы мен қуаты нарығының қазақстандық операторы (келісім бойынша) жауапты.

Агенттік электр энергиясы мен қуаты нарығының қазақстандық операторы тарапынан "Электр энергиясын тұтынушылардың цифрлық кабинеті" бағдарламалық қамтамасыз ету әзірленгенін, онда қызмет көрсетушіні ауыстыру мүмкіндігі бар екенін атап өтті. Әзірге бұл модификация тест режимінде жұмыс істейді.

Өз кезегінде энергетика министрлігі "Энергетиканың цифрлық платформасын" (процессор) іске асыру бойынша жұмыс істеуде. Оның жұмысын екі кезеңде жүргізу жоспарлануда.

Біріншісі бірнеше модульдерді, соның ішінде операторды ауыстыру функционалымен "Электр энергиясын тұтынушыларға арналған цифрлық кабинетті" іске қосуды көздейді. Аяқтау кезеңі биылға жоспарланған. Энергетиканың цифрлық платформасы жобасын 2024-2025 жылдары іске асыру жоспарланып отыр.

Кейін агенттікте бұл бастама іске асырылмауы мүмкін екендігі нақтыланды. Оған табиғи монополияларды реттеу комитетінің энергиямен жабдықтаушы ұйымдардың лицензияларының қолданылуын тоқтата тұру туралы шешімі, сондай-ақ, Мәжілістегі энергия беруші ұйымдардың электр энергиясының бөлшек сауда нарығын монополиялауы туралы түзетулерді пысықтауы себеп болуы мүмкін.

"Бұл ШОБ субъектілері мен өзге де тұтынушылар үшін электр энергиясын жеткізушілерді еркін таңдау құқығынан айырады, ал ШОБ-тың 18 мыңнан астам өкілінің электр энергиясына тарифтері орта есеппен 20%-ға артады", — деп толықтырды бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінде.

Бұған дейін, LS редакциясы қазақстандықтар электр энергиясын жеткізушіні онлайн таңдай алатынын хабарлаған болатын.