Алматыда үлескерлер құрылыс компаниясының кеңсесіне басып кірді. Олар ақшасын қайтаруды талап етті. |
Тұрғындар құрылыс компаниясы олардың миллиондаған ақшасын алып қашып кетеді деп қорқып отыр. Үлескерлер үйін жылдың соңында алуы керек болған. Алайда бірде-бір үй әлі салынбаған екен. Оның ішінде, үлескерлер депутат Дәулет Мұқаевтың жарнамасы арқылы келгендерін айтқан. Депутаттың өзі бұл ақпаратқа қатысты пікір білдірді, — деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы Massaget.kz-ке сілтеме жасап.
КТК телеарнасының мәліметінше, компания өкілдері ешқайда қашып кетпейтіндерін, бастаған құрылысты аяқтайтындарын айтып уәде берген екен. Ол тұрғындардың сөзінше, нысанда құрылыс жұмыстарының тоқтап қалғанына сегіз айдай болған.
"Желтоқсаннан бері құрылысты бақылап келе жатырмыз. Құрылыс қазандық кезінде тоқтап қалған. Сосын мен сәуірде келісімшартты бұздым. Компания маған ақшамды қайтаруы керек болған. Қазір тамыз айы. Төрт ай өтсе де ақшамды әлі ала алмай отырмын", — дейді үлескер Айымгуль Нысанбаева.
Үлескерлердің сөзінше, жалпы құрылыс компаниясы 100 миллион теңгедей қайтаруы керек. Олар компания басшылығы ақшаны жымқырып кетуі мүмкін деп қорқып отыр. Үлескерлер бұрынғы блогер, қазір Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев жарнама жасағаннан кейін ақша салғандарын айтқан.
"Дәл осы құрылыс компаниясын таңдауыма Дәулет Мұқаев себеп болды. Депутат болғанға дейін ол қоғам белсендісі еді. Қаржылық сауаттылық туралы түсіндіретін. Сосын мен жарнамасына сендім", — дейді үлескер Қуат Керімбеков.
Үлескерлердің мәлімдемесіне қатысты депутаттың өзі жауап берді.
"Былтыр жарнамасы жасалғаны рас. Ол кезде құрылыс болып жатқан. Кейін тоқтап қалған. Мен де үй алмақ болғанмын, 2 бөлмелі. Келісімшарт жасалды да, төлемге келгенде мен төлемедім. Олар жарнама жасағанға жеңілдік жасап береміз деген. Менен де бірнеше танымал адамдар жасады ғой жарнамасын. Оларды айтпайды, мені ғана айтып жатыр. Бір кем дүние. Депутат болсаң осы", — дейді Дәулет Мұқаев Massaget.kz тілшісіне берген жауабында.
Айта кетейік, расында құрылыс компаниясын бірнеше танымал қазақстандық жарнамалаған. Оның ішінде, әнші Төреғали Төреәлі, әзілкеш, актёр Нұрболхан Шарапов та бар.