Қазақстанда 2026 жылдан бастап ең төменгі жалақы өседі, деп хабарлайды LS.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова парламент палаталарының бірлескен отырысынан кейін кулуарда ең төменгі жалақының қашан өсетіні жөнінде мәлімдеді.
"Жалақыны көтеру мөлшері бірқатар зерттеулерден кейін белгілі болады. Оларды биылғы жылдың соңына дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз. Содан кейін 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақыны өсіреміз", – деді министр.
Министрдің айтуынша, қазіргі таңда бірнеше институт еңбек өнімділігі, аймақтар мен салалар бөлінісіндегі медианалық жалақы бойынша нақты көрсеткіштерді анықтау үшін зерттеу жүргізіп жатыр.
"Барлық бұл көрсеткіштер ең төменгі жалақыны есептеудің негізі болады. Былтыр алғаш рет ең төменгі жалақыны анықтаудың әдістемесі бекітілді", – деп түйіндеді С. Жақыпова.
Айта кетейік, 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда ең төменгі жалақы 85 мың теңге болып белгіленген.