«Қасым хан» сериалына және басқа да жобаларға бөлінген қаражат жымқырылуы мүмкін. |
Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева айтты, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы Kazinform-ға сілтеме жасап. .
«Қазақфильмнің өзі зерттеу жүргізді. Олқылықтар болғаннан кейін барлығы ертең олардың мойнына ілінбеуі керек қой. Қазақфильм басшысы жаңадан келді. Азамат Сатыбалды белсенді жұмыс істеп жүрген азамат. Ертең олқылықтардың барлығы қордаланбауы, барлығы жүйелі түрде жұмыс істеу үшін сол зерттеу жұмыстарын жүргізген. Сол аудиттың қорытындысында қаржылық жетіспеушілік болған. Ол прокуратураға берген. Ол бірнеше жоба. Мен білетінім «Қасым хан» деген кино жоба бар. Одан да басқа жоба болуы мүмкін. Оны құзыретті органдар анықтайды. Бүгінде бұл біздің болжамымыз. Оны құзырлы органдар жан-жақты зерделеп, қаржы дұрыс игерілмегенін не жымқырылғанын анықтайды», — деді министр Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте БАҚ өкілдерінің сауалына орай.
Айта кетейік, Алматы қаласының прокуратурасы «Шәкен Айманов атындағы Қазақфильм» Акционерлік қоғамын тексеру қорытындысы бойынша аса ірі көлемде бюджет қаражатын ұрлау фактісіне қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастаған болатын. Алдын-ала мәлімет бойынша фильм түсіруге бөлінген 400 миллион теңгеден астам қаржының ұрланғаны анықталып отыр.