«Жұлдыз» радиосындағы Zhuldyz LIVE жобасының кезекті шығарылымында Ұшқын Жамалбек қонақта болды, — деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Zhuldyz LIVE жобасында қазақстандық белгілі өнер жұлдыздары әр апта сайын жанды дауыста ән айтып, сұхбат береді. Бұл жолы да белгілі әнші Ұшқын Жамалбек эфир барысында таңдаулы 8 әнін шырқап, сұрақтарға жауап берді.
Әнші бағдарлама барысында «Сағынамын сені» және «Сені іздеймін» әндерін шатыстырып алды.
«Екеуі егіз ән ғой. Бірінен кейін бірі шықты. Бірде Әсет Есжан екеуміз Жалаңашта концерт беріп жүрміз. Содан халық та көп емес. Осы «Сені іздеймін» деген әнді айтып жаттым. Ортасына бірнәрсе ойлап кетіппін, айғайлайтын жерінде тамағым ауырып тұр еді, дауысым шықпай қалды. Алдымда тұрған музыкант жігіт тоқтамай күлді. Ән айтып тұрып, «қой» деп көрсетіп қоямын... Сондай қызықтар болған, сөзін, қайырмасын шатыстырып алғанмын», — деді әнші.
Ол ән әлеміндегі кейінгі жағдайларға қатысты пікір білдіріп, «дауысы, таланты жоқ адам ән жазып бер, қалағаныңды берём десе, ән жазбайтынын» айтты.
«Жоқ. Менде ондай жағдай болды. «Ақшасы міне, альбом жаз, осы баланы шығар» деген. Өнер жолымды кірлегім келген жоқ. Онсызда кірленіп жатқан дүние. Оған үлес қоспай-ақ қояйын деген әңгімелер болды. Содан бас тарттым», — деді Ұшқын Жамалбек.
Айта кетейік, өткен шығарылымда Zhuldyz LIVE жобасында КешYou тобы қонақта болған еді.
Еске салайық, сүйікті әншілеріңіз жанды дауыста айтып, сұрақтарға жауап беретін жоба әр сәрсенбіде сағат 18.00-ден 19.00-ге дейін өтеді.
13 шілдедегі радиоконцертті TengriTV Youtube-арнасы мен zhuldyz.fm парақшасынан көре аласыздар.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!