Бүгін Алматы қаласы әкімінің жаңа орынбасары тағайындалды. Ол — 1975 жылы Алматыда туған Әсем Нүсіпова. Жаңа орынбасар туралы не белгілі? Tengrinews.kz тілшісі анықтап көрді.
Әсем Нүсіпова — Алматы тумасы. 1996 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетін, 1998 жылы осы университеттің магистратурасын бітірген.
2001-2003 жылдары Қауіпсіздік кеңесінің экономикалық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі бөлімінің бас сарапшысы, Президент Әкімшілігінің жүйелі зерттеулер орталығының сарапшысы, сектор меңгерушісі болған.
2003-2007 жылдары бірнеше ведомствода кеңесші болып жұмыс істеген. Мысалы қаржы министрінің кеңесшісі, премьер-министрдің кеңесшісі, премьер-министр кеңсесінің Жиынтық талдау бөлімінің меңгерушісі болып істеген. Әсем Нүсіпова денсаулық сақтау саласында да қызмет атқарған. Мысалы 2007-2008 жылдары денсаулық сақтау вице-министрі болды.
2008-2016 жылдары — «Қазтрансойл» АҚ бас директорының экономика және қаржы жөніндегі орынбасары болған. Артынша үш жыл, яғни 2019 жылға дейін Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары болды.
Жаңа орынбасар әлеуметтік желідегі парақшаларын белсенді жүргізеді. Әсем Нүсіпованың Facebook және Instagram әлеуметтік желілерінде парақшалары бар.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылы 1 қыркүйекте Қазақстан халқына Жолдауында министрліктердегі жауапты хатшылардың санын азайту туралы тапсырма берген болатын. Ол кезде Әсем Нүсіпова денсаулық сақтау министрлігінің жауапты хатшысы қызметінде болған. Бұл қызметке 2020 жылдың 30 шілдесінде тағайындалған болатын.
Артынша 21 қазанда Нүсіпова Мемлекет басшысының үкімімен қызметінен босатылған болатын.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!