Алматының бас санитария дәрігері Жандарбек Бекшин қаладағы эпидахуал ненің әсерінен жақсара бастағанын түсіндірді, — деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Бекшиннің айтуынша, бүгінде кейбір тұрғындар босаңсып, маска тағу режимін бұза бастаған.
«Ол әрине дұрыс емес. Барлық алдын алу шарасын сақтау арқылы ғана, оның ішінде, вакцинация арқылы жағдайды тұрақтандыра аламыз. Бүгінде қалалықтардың 50 пайызы екпе салдырса, 58,4 пайыз ұжымдық иммунитет қалыптасты. Екіншіден, шектеу шаралары бар. Бәрі шектеу шарасын бұзып жүр деп айта алмаймыз. Жабық жерлерде, қоғамдық орындарда маска тағып жүргендер бар. Сонымен қатар, ақпараттық технологияларды қолдану да жақсы әсер етеді. Бірінші кезекте ол — Ashyq жүйесі. Ол бізге мониторинг жүргізуге мүмкіндік беріп отыр. Осы шаралар жақсы нәтиже көрсетіп жатыр.
Бүгінде екі мыңға жуық қалалыққа карантин режимін бұзғаны үшін әкімшілік жаза тағайындалды. Оның бәрін көргендер шектеу шарасын бұзбауға тырысады», — деді Бекшин ӨКҚ брифингінде.
Еске салайық, бүгінде Алматы коронавирус жұқтырғандар саны бойынша бірінші орында тұр. Жалпы пандемия басталғалы 183 035 адамнан вирус анықталып, оның 179 970-і аурудан айыққан.