Әкесі салған сара жолмен
Қойшыбайлар әулетінің кәсіпорынға адал қызмет етіп келе жатқанына 130 жылдан асты. Отбасының кәсіпорында әулетімен бір ғасырдан астам уақыт жұмыс істеуі отағасы Қойшыбаев Серікбай Смаханұлының еңбек жолынан бастау алып отыр. Ол Солтүстік Жезқазған кенішіне 1959 жылы жұмысқа орналасқанда небәрі 16 жаста еді.
«Әкем жұмысқа ерте араласты. Атамыз соғыста жарақат алғасын, әкем үйдің үлкені ретінде отбасын аяқтан тұрғызуға тырысты. Ол маркшейдерлік жұмыстарда кенші ретінде қызметін бастап, кешкі мектептегі оқуын қатар алып жүрді, осылайша университетті сырттай бітірді. Ол бүкіл өмірін өндіріске арнады және 2006 жылы зейнетке шықты», — дейді Серікбай Қойшыбаевтың қызы Айгүл Қойшыбаева.
Айта кетсек, маркшейдерлік жұмыстар тау-кен өндірісінде ерекше маңызға ие. Маркшейдер неміс тілінен аударғанда шекараны бөлуші деген мағына береді. Мұндай жұмыстар жер асты құрылыстарын салу мен пайдалану кезінде түрлі апаттардың алдын алуға, жұмыстың күтпеген жерден тоқтап қалуын болдырмауға, қаражаттың тиімді жұмсалуына бағытталған.
47 жылға созылған еңбек жолында Серікбай Қойшыбаев түрлі қызметтерді атқарды – өлшеуші, экскаватор машинисінің көмекшісі, тау-кен шебері, бас инженер, карьер басшысы болып жұмыс істеп, өндірістік бөлім басшысы қызметіне дейін көтерілді.
Серікбай Қойшыбаев – 3-дәрежелі «Кенші даңқы» төсбелгісінің иегері, еңбек ардагері әрі корпорацияның құрметті ардагері. Оның барлық балалары корпорацияда әр түрлі уақытта жұмыс жасаған. Ұлы Қалихан ширек ғасырдан астам уақыт бойы «Жомарт» кенішінде механик болып жұмыс істеді, қызы Тыныштық СЖК-де жұмыс уақытының есепшісі болып 6 жылдай қызмет етті. Артынша тағы алты жыл кәсіподақ комитетінде және корпорациядағы балабақшада жұмысын жалғастырды. Қыздары Айгүл мен Венера кәсіпорында әлі де жұмыс істеп жүр.
Мәселен, Айгүлдің еңбек өтілі 32 жылды құрап отыр. Солтүстік Жезқазған кенішіндегі маркшейдерлік-геомеханикалық қызметтің бас инженер-маркшейдері болып қызмет ететін Айгүл бұл салаға бет бұруына әкесі себепші болғанын жасырмайды. Айтуынша, әкесі оған дәл осы қызметті таңдауға кеңес беріпті.
«1985 жылы 8 сыныпты бітіргенімде, медициналық училищеге түсуді армандайтынмын. Бірақ әкем маған маркшейдер мамандығына назар аударуды ұсынды. Тау-кен ісі дамыған біздің өңірде мұндай мамандықты игерген жандарға қашан да «екі қолға бір күрек табылады». Бүгінде ашық тау-кен жұмыстарын жоспарлаумен айналысып жүргеніме 30 жылдан астам уақыт болды, осы уақыт ішінде мен өсудің барлық сатыларынан өттім», — дейді Айгүл Қойшыбаева.
Айгүлдің сіңлісі Венера да кәсіпорында өз орнын таба алған. Ол 14 жылдан бері «Жезқазғантүстіметалл» ӨБ электр қондырғыларына сервистік қызмет көрсету бойынша энергетика басқармасының қосалқы станцияларында электрик болып жұмыс істейді.
«Әрине, барлық балаларым менің жолымды таңдап, дәстүрлеріміз жалғасын тауып отырғаны – мен үшін мақтаныш. Олардың барлығы нағыз кәсіби мамандарға айналды. Мен бүгінде зейнеткер болсам да, белсенді өмір сүруді жалғастырудамын – Ардагерлер кеңесінің мүшесімін, немерелерім мен шөберелеріме көңіл бөлемін, балық аулауға барамын және әлі күнге дейін өмірімнің бір бөлшегіне айналып үлгерген тау-кен ісінің жанашырымын», — дейді отағасы Серікбай Смаханұлы.
Үш адамға ортақ мамандық
Ерубаевтар отбасының «Қазақмыс» корпорациясымен мансабы тоғысқанына 90 жылдың жүзі болды. Әулеттің негізін қалаушы — Оңтүстік Жезқазған кенішінде жер асты тау-кен үңгілеу жабдықтарының электр слесарі-құрастырушысы болып 40 жыл бойы жұмыс істеген кенші Кәрім Ерубаев. Бүгінде оның еңбек жолын ұлдары Қуандық пен Серік жалғастыруда.
«Ағам, әкем және мен – үшеуіміз ортақ бір мамандықты меңгергенбіз, оның үстіне әкем зейнетке шығар алдында бәріміз ұзақ уақыт бір жерде жұмыс істедік. Бүгінде мұнда ағам Серікпен бірге жұмысымды жалғастырудамын. Оның шахтада қызмет етіп жүргеніне 28 жыл болса, мен 23 жылымды осы салаға арнадым. Бұл жұмыс өміріміздің үлкен бөлігіне айналып отыр», — дейді Қуандық Ерубаев.
Қуандық отбасындағы ең сүйікті мереке – Шахтер күні екенін жасырмады. Айтуынша, үйдің кішісінен бастап үлкеніне дейін бұл кәсіби мерекені тағатсыздана күтіп, атаулы күнде дастархан басында жиналуды әдетке айналдырған. Олар бұл күні шахтерлік өміріндегі қызықты оқиғаларды еске алып, соңғы жаңалықтарымен бөліседі.
«Тіпті кішкентай балаларымыз да біздің жолымызды қуып, шахтада жұмыс істегісі келеді. Бірақ, мен оларға басқа кәсіпті таңдауға кеңес берер едім, себебі, бұл өте қиын әрі қауіпті жұмыс. Десе де, ағам екеуіміз бұл күрделі кәсіпте өз орнымызды таба алдық, бақытымызға орай, бізде керемет тәлімгер бар — біздің әкеміз. Ол бізге әлі де қолдау көрсетеді, жұмысқа қатысты кеңесін беріп отырады», — дейді Қуандық Ерубаев.
«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген сөз ата-бабамыздан бекер қалмаған болса керек. Өскелең ұрпақ осылайша әкесі салған сара жолмен болашақ мамандығын таңдап, ғасырға ұласқан тәжірибені өз бойларына сіңіруде.
Отағасының өз ісіне деген адалдығы мен сүйіспеншілігі балаларының да бұл салаға қызығушылығын оятатыны анық. Нәтижесінде олар әкесі мен атасының жылдар бойы жинақтаған тәжірибесі мен дағдыларын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп, еңбек дәстүрлері, тәлімгерлік қағидалар, үлкендерге деген құрмет сезімін сақтауға өз үлесін қосуда.