Неліктен партиядағы өзгеріс атауын өзгертумен шектелді?

Көптеген мемлекеттік құрылымның заңдылығына қатысты сұрақ тудырған Қанды Қантардан кейін билік басындағы «Нұр Отан» партиясы ребрендинг жасап, Amanat деген жаңа атауға ие болды . Ал президент партиядан бөлініп шығуға шешім қабылдады. Осыған қарамастан Amanat партиялық майданда басымдығын сақтап, Қасым-Жомарт Тоқаевтың бағытын жүзеге асырудың негізгі құралы болып қала берді.

Партияның қызметі мен ұйымдық құрылымы да өзгеріссіз қалды. Amanat бүгінде баяғыша бюрократияның жұмысын үйлестіріп, мемлекеттік басшылық қызметтегілерге арналған трамплин қызметін атқарып келеді. Партия қазақстандықтардың басым бөлігінің көңілінен шығатындай сөйлеуге тырысқанымен, сарапшылар оның саяси автономиясы жоқ екенін әрі халықпен тікелей байланыс орнатпағанын айтады.

Қаңтар оқиғасынан кейінгі Amanat партиясындағы өзгерістер неліктен тек косметикалық сипатта болды және алдағы жылдары нақты өзгеріс болуы мүмкін бе? «Власть» түсіндіреді.

«Нұр Отан» билеуші партия мәртебесін сақтап қалғанымен, кейінгі бес жылда біраз мүшесінен айырылып қалды. 2018 жылдың басында партия қатарында 1,01 миллион адам болса, 2022 жылдың соңына қарай партия мүшелерінің саны шамамен 800 000-ға дейін қысқарды.

Партияны қолдайтындар саны Қанды Қаңтарға дейін-ақ азая бастаған. Бірақ жаппай наразылық партияның заңдылығына айтарлықтай соққы берді, өйткені азаматтардың негізгі шағымдары бұрынғы президент және сол кездегі оның төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевқа бағытталды.

Бұрынғы президенттің тұлғасынан алшақтау мақсатында Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасы бойынша «Нұр Отан» партиясының атауы Amanat болып өзгертілді. Партияның басшылығы да ауысты. Тоқаев ондағы Назарбаевтың ізбасары болу идеясынан бас тартып, партиядан кетті. Бірақ Amanat партиясының саяси кеңесіне өз адамдарын, яғни Мұрат Нұртілеу (ол кезде президент әкімшілігінің басшысы, қазіргі вице-премьер және сыртқы істер министрі) мен Әлихан Смайыловты (бұрынғы премьер-министр, қазіргі жоғарғы есеп палатасының басшысы) жіберді.

«Қаңтар оқиғасы түбегейлі саяси реформаларға сұраныс бар екенін көрсетті. [Партиядан кеткенде президент] енді өзімізді бәсекелес ортада көрсетіп, сол ортада орнымызды бекітуіміз керегін айтты», — деді «Власть» басылымына берген сұхбатында парламенттегі Amanat фракциясының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев.

Оның айтуынша, мәжілістегі орынның 66%-ы Amanat мүшесі болғандықтан, партия басым саяси күш мәртебесін сақтап қала алды. Жаңа партиялардың келуіне, бір мандатты округтердің пайда болуына және депутаттық мандаттардың жалпы санының қысқаруына байланысты 2023 жылғы сайлауда Amanat алған мандат саны 2021 жылмен салыстырғанда 8 адамға азайып, 68 болып қалды.

«Власть» сөйлескен сарапшылардың бәрі ребрендинг пен президенттің кеткеніне қарамастан, Amanat партиясының мемлекеттік билік жүйесіндегі ұйымдастыру құрылымы мен қызметі өзгермеген деген пікірді қолдайды.

«30 жылда Amanat мемлекеттік аппаратпен тығыз байланыс орнатты. Қазір ол президенттік команданың бір бөлігіне сүйеніп, үлкен бюрократиялық жүйені, соның ішінде жергілікті және аймақтық билікті басқаруға көмектеседі. Сондықтан партияға оның билік жүйесіндегі орнын жоғалтпайтындай өзгеріс енгізу керек болды», — деп түсіндірді саясаттанушы Димаш Әлжанов.

Глазго университетінің Еуразиялық зерттеулер профессоры Лука Анчески Amanat партиясының қызметі Тоқаевтың саясатының негізгі бөлігі болып қала беретінін айтады. Партия президент тапсырмаларының парламентте орындалуын қамтамасыз етеді. Сонымен бірге ол Amanat-тың жұмысын үздіксіз көрсететін мемлекеттік БАҚ есебінен саяси белсенділіктің ырымын жасайды.

«[Парламентке жаңа партиялардың келгеніне қарамастан] Қазақстанда партиялық плюрализм саясаты көбіне қолдан ұйымдастырылады. Басты рөлді әлі күнге дейін нағыз оппозицияға жол бермей, қалыптасқан режимнің мүддесіне әрекет ететін Amanat партиясы атқарады», — деп есептейді зерттеуші.

Президентке тәуелді партия

Nazarbayev University мемлекеттік саясат мектебінің профессоры Риккардо Пелиццо Тоқаевтың Amanat-тан алшақтауы осы партияның немесе тұтастай партия институтының маңыздылығын төмендету мақсатын көздеген жоқ деп есептейді.

«Тоқаевтың кейбір реформалары көппартиялық бәсекені жеңілдетуге немесе дамытуға бағытталған. Тіркеу шегін 20 мыңнан 5 мыңға дейін төмендету соған айқын мысал болады. Бұл оның саяси партиялардың маңыздылығын мойындайтынын көрсетеді», — дейді сарапшы.

Пелиццо бұл шешімнің мәнін азаматтарға мемлекет басшысының бейтарап болмысы мен бүкіл қазақстандықтың президенті болуға ұмтылысы туралы белгі беруден көреді.

«Әрине, мемлекет басшысының кетуіне орай Amanat партиясы біраз ұпай жоғалтты. Президент төраға болса, әңгіме мүлдем басқаша болар еді», — дейді Бейсенбаев.

Бірақ бір жағынан, Тоқаевтың күшті парламенттің қажеттілігі туралы мәлімдемесі Amanat партиясының және бірінші кезекте оның төрағасының ұстанымын нығайтты деп санайды мәжілістегі партия фракциясының жетекшісі.

Әлжанов президенттің партиядан шартты түрде ғана алшақтағанын айтады. Саяси жүйенің қазіргі дизайнымен Тоқаев әкімшілігі Amanat сияқты жақсы майланған механизмнен бас тартуға дайын емес. Партияның еліміздің түкпір-түкпірінде штабтары, медиа құрылымдары бар, кейінгі жылдары көптеген сараптамалық топ құрылды.

Билеуші партия президент тұлғасына әлі де болса тәуелді. Amanat партиясы Тоқаевтың саяси реформаларын қолдап қана қоймай, оның Қаңтардағы дағдарысқа жауап ретінде ауылдарды дамыту сияқты сайлауалды уәделерін жүзеге асыруға кірісті.

Партияның 2024 жылғы жұмысын қорытындылаған партия төрағасы, мәжіліс спикері Ерлан Қошанов басым бағыттардың қатарында «Ауыл аманаты» атты ауыл тұрғындарының табысын арттыру жөніндегі президент жобасына, сонымен қатар елбасының жастармен жұмысты күшейту және басқа санаттағы азаматтарға атаулы көмек көрсету жөніндегі тапсырмасына тоқталды.

Әлжанов Amanat демократиялық жүйедегі партиялар сияқты сайлаушылардың мүддесін көздеуді қоя тұрып, барлық істе президенттің саясатымен жүріп келе жатқанын атап өтті.

Партия әлі де қазақстандықтардың көпшілігінің сұранысына жауап береміз деп мәлімдейді. Ұйымдастыру кеңесі барысында Қошанов Amanat-тың әрекеті экономика мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықтың «көптен бері шешімін таппай келе жатқан мәселелерін», сондай-ақ тарифтердің өсуі, жанар-жағармай бағасының өсуі, ҚҚС өсімінен туындайтын жаңа мәселелерді шешуге ықпал еткенін және септігін тигізуге тиіс екенін айтты.

«Amanat-тың сөзі мен бағдарламасы жағдайға байланысты өзгеруі мүмкін. Қазір президент аймақтарды дамыту туралы белсенді түрде айтып жатқанда, партия да осыған назар аударып отыр. Сайлаушылармен байланыс орнату партияның күнделікті жұмысына кірмейді. Amanat-қа тек авторитар билік аясында белгілі бір тапсырмаларды орындау керек», — деп түйіндеді Әлжанов.

Өзгеріссіз болашақ

Бейсенбаевтың айтуынша, Amanat қазір өзінің және президенттің сайлау алдындағы уәделерін орындауды жалғастырып келеді. Партияның негізгі жетістіктерінің ішінде депутат заңсыз алынған активтерді қайтару және ойынға тәуелділікпен күресу туралы заң жобаларын ерекше атап өтті. Партия алдағы сайлау қарсаңында сайлауалды бағдарламасының орындалу барысы туралы есеп беруді көздеп отыр.

Бейсенбаев Amanat та өзге тіркелген партиялар сияқты мәжіліс депутаттарының сайлауына жоспарлы дайындық жүргізіп жатқанын айтты. Ол келесі сайлау өз уақытымен, яғни 2028 жылғы наурызда өтеді деп болжады.

«Қазір бірқалыпты жұмыс істеп жатырмыз. Әлдебір жағдай (ауқымды наразылық шаралары — В.) болып қалуы мүмкін деген ой жоқ. Қоғамдық қабылдау бөлімі күн сайын жұмыс істеп тұр. Әкімдер тоқсан сайын халықты қабылдайды. [Жергілікті] әкімдер әр аулаға барып, кездесулерге қатысып жүр. Аудан әкімдері сайлау жолымен таңдалады. Жемқорлық азая бастады. Бюджет бойынша да барлық жұмыс көрініп тұр. Ешбір мекеме тез және талқылаусыз шешім қабылдамайды», — деді Amanat фракциясының жетекшісі.

«Нұр Отанның» тарихи жетістігін ескерген Пелиццо келесі сайлауда Amanat жеңіске жетеді деп күтеді. Дегенмен, ол әлеуетті табыстың ауқымын бағалау мүмкін емес деп санайды.

«Amanat көп дауыс жинаса, бұл оның барлық амал-әрекеті тиімді болғанын білдіреді. Аз ғана басымдықпен жеңсе, партия саясатын өзгертуге мәжбүр болуы мүмкін», — деді ол.

Анчески таяу арада партия жұмысына және оның парламенттегі рөліне қатысты өзгеріс болады деп есептемейді. Жаңа атау президентпен тікелей байланысты жоққа шығарып, оның жеке саясатын сәл жұмсартқан болуы мүмкін, бірақ партия жұмысының мәні өзгерген жоқ.

«Amanat партиясының саяси рөлі өзгерген жоқ және жүйе биліктің қолынан кетпейінше, орталық партия болып қала береді. Amanat-тың жағдайы кемі осы онжылдық аяқталғанға дейін өзгере қоймайды», — деді ол.

Әлжанов президент әкімшілігіне партияны көп өзгертудің қажеті жоқ деп есептейді. Партия елді жақсы басқаруға көмектеседі, президентке жақын адамдардың мансабын қолдайды, билік жүйесіне жаңа адамдарды әкелуге де әсер етеді.

«Олар ішкі саяси жағдайға байланысты белгілі бір нәрселерді сынап көреді. Сайлаушылардың партияға деген адалдығына байланысты қиындық туындаса, кез келген сәтте сайлау жүйесіне өзгерістер енгізуге болады. Содан кейін халықтың қалай дауыс беретінін де көреді», — деді ол.

Партия ішінде түрлі тәжірибе жасауға әлі де мүмкіндік бар. Ел басшылығы мәслихат депутаттарының сайлауын парламент сайлауымен бірге емес, басқа күні өткізуге көбірек көңіл бөлсе болады немесе сайлауды жан-жақты ету үшін партия филиалдары мен облыс басшылығының жұмысына назар аудара алады.

Келесі сайлаудың қандай жағдайда өтетінін нақты айту мүмкін емес. 2023 жылы партия сайлау науқанына көп қаражат пен күш жұмсаған жоқ. Өйткені сайлау мерзімінен бұрын өткізілді, тиісінше оған дайындалуға аз уақыт берілді. Бірақ саяси-экономикалық дағдарыс күшейе түссе, билік бұдан да батыл шаралар қабылдауы мүмкін. 2019 жылы партия мүшелерін сақтап қалу үшін праймериз өткізілгені осы сөзімізге мысал бола алады.

Власть — это независимое медиа в Казахстане.

Поддержите журналистику, которой доверяют.

Мы верим, что справедливое общество невозможно построить без независимой журналистики и достоверной информации. Наша редакция работает над тем чтобы правда была доступна для наших читателей на фоне большой волны фейков, манипуляций и пропаганды. Поддержите Власть.

Поддержать Власть