Алматылық Лейла Измаилова бүгінде отбасымен АҚШ-ты аралап, саяхаттап жүр. Алматыда жоғары оқу орнын аяқтап, біраз жұмыс істеп, жары Абылаймен АҚШ-қа кетіп қалған. Бүгінде Лейла құрама штаттарда бала тәрбиесінен бөлек, графикалық дизайн бойынша түрлі курстарға қатысып жүр.

Лейла жары Абылай екеуі АҚШ-қа көшу туралы шешімді қалай қабылдағанын айтып берді.

«Ойымызда жүретін. Work and Travel бағдарламасы арқылы екі штатта болып, қайтып келіп, сонда өмір сүргіміз келді. Екі жылдай ойлана келе университеттердегі тіл үйрету курстарына өтінім беріп, шақыру күтіп, F-1 визасын алдық», — дейді Лейла.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Leila Izmailova | Creator (@_leliiik)

Лейла отбасымен шамамен 22 штатта болған. Тіпті көлікпен ұзақ сапарларға шыққан кездер болған. Сондай сапарлардың бірін Вашингтоннан Аризона штатына жасаған.

«Көлікпен шамамен 20 сағаттай кетеді. Жолда Вайоминг штатындағы Йеллоустоун ұлттық қорығында және Юта шатында болдық. «Жабайы табиғатты» аралап қайттық, яғни құрғақ та, ыстық та болды, бірақ әдемілігіне сөз жетпейді. Бұл біздің ғаламшар емес сияқты. Әр штаттың өзіндік орны ерекше. Мысалы қаланың тыныс-тіршілігінен шаршап, Гавайидегі Оаху аралына кетіп қалғанымыз керемет ой болды. Алты сағат ұшып, көз тоймас таулары бар мекенге жетесің. Аляска ше? Алясканың да орны ерекше. Өмірімде сонша алысқа кетіп, мұздықтарды өз көзіммен көремін деп, нағыз фьордтардың қасында суретке түсемін деп ойламаппын. Ол жерде екі рет болдық. Алғаш жазда келіп, жаймашуақ түнді бақыладық, ал екінші рет келгенде тіпті жолымыз болды: солтүстік шұңғыласын (северное сияние — еск.) көрдік. Күн қызып тұрған Калифорниядағы саяхат, Нью-Йорктегі жұмыс қарқыны мен Флоридадағы жағажайлар — оның бәрі есте ерекше қалды», — дейді Лейла.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Leila Izmailova | Creator (@_leliiik)

Сонымен қатар, Лейла саяхаттау барысында шамамен қанша қаржы жұмсалатынын, қандай жағдайда үнемдеуге болатынын айтты. Лейла жары Абылаймен университет қабырғасында оқып жүргенінен бері саяхаттап жүр. АҚШ-қа алғаш рет 2-курсында сапарлаған. Сол кезде W&T бағдарламасы арқылы жүрген олар табыстарын жинап, ата-аналары берген қаржыны жұмсап, қалғанын саяхаттауға арнаған. Осылайша олар ақша үнемдеуді үйрене бастаған.

«Алматыда жұмыс істеп жүргенімізде еуро-триптер жасадық. Жалақымыз өмір сүруге жеткілікті болды, бірақ саяхаттау үшін ақша үнемдеп, 40 пайызын жинап отыруға тура келді. Осылайша екеуімізге екі аптаға 700 мыңдай кететін болды: бұл екі жаққа ұшу, тұратын орын, тамақ, тіпті сыйлықтарды қосқандағы ақша. Шын мәнінде арзан саяхаттау тәсілдері көп: оның ең біріншісі — бәрін жоспарлау, лоукостерлердің хабарламаларына жазылып қою. Олар үнемі бір күндік жеңілдіктер туралы хабар жіберіп отырады. Қонақүйде тұру да міндетті емес. Мысалы CouchSurfing сервисі арқылы жергілікті тұрғындардың үйінде тегін тұруға болады.

Бірақ бүгінде бізбен бірге кішкентай қызымыз да саяхаттап жүргендіктен ақшаны көбірек төлеп, жайлы жерде тұруды жөн көреміз. Енді үнемдеу үшін немесе тегін алу үшін кезекте тұрмаймыз. Жүйкемізді жұқартпай, ақшасын төлей саламыз. Ата-аналар түсінетін шығар. Осы факторлардың бәрін ескере келе, АҚШ басқа елдерге қарағанда қымбат екенін айтуға болады. Орта есеппен, 10 күндік саяхатымызға көлік жалдауды қосқанда 2500 доллардай кетеді. Билеттерді бұрынғыдай жеңілдікпен аламыз, қонақүйлерге де жеңілдікпен орналасу үшін Booking және Priceline-да балл жинаймыз. Арзан саяхаттауға болады, бірақ жоспарлап, ерінбей, нарықты бақылау керек», — дейді Лейла.

Лейла кішкентай қызына жүкті кезінде де саяхаттап жүрген. Бір қызығы ол сегіз ай өткенге дейін аяғы ауыр екенін білмеген.

«Құрама штаттарға жүкті болып келгенмін, бірақ оны білмедім. Жаңа елге үйренісу, жүйкеге әсер етуі бар деген секілді. Сәйкесінше менің гормон жүйем «ұшып» кетті. Өзімді «стресс», «гормон дисбалансы» жағдайында жүрмін деп ойладым. Себебі көп нәрсені уайымдап жүрдік, жаңа климаттың денсаулыққа әсері, жалпы жағдайым және жаңа тағам түрлерінің асқазаныма және салмағыма әсер етуі бар дегендей. Жүктіліктің 32-аптасына дейін ештеңе сезбедім. Бес келідей салмақ қостым, бірақ Америкада ауа жұтсаң да толасың деп ойладым. Кезекті хайктан кейін жағдайым нашарлай бастады, тез арада дәрігерге барып, УДЗ жасаттым. Дәрігерлер ішімде қалыптасып үлгерген кішкентай адам жатқанын көріп қатты таңғалды. Көзімізге жас алдық. Аз уақыттың ішінде ата-ана атанамыз деп ойламадық, бірақ қатты қуандық», — дейді кейіпкеріміз.

Осылайша Лейла мен Абылай баланың өмірге келетінін естіп қатты қуанған, бірақ бұл олардың сүйікті ісіне кедергі болмаған. Олар саяхаттауын жалғастырған, тек өз штатында ғана қыдыра бастаған. Себебі дәрігерлер Лейлаға ұшаққа отыруға тыйым салған. Олар теңіз жағалауына барып, тауға және көкке шыққан. Бірақ екі айдан кейін ата-ана болатынына әлі сене алмаған.

«Ал баламен саяхаттау әрине қиын. Бала бар жерде ештеңе оңайға түспейді. Бірақ қызық кездері де бар. Мысалы қазір, қызымыз бір жарым жаста, ол жүгіріп, өзі көрген нәрсенің бәріне қызыға қарайды. Бастысы өзіңнің өмір сүру ырғағыңа байланысты балаға кесте жасап қою. Оны ерте бастаған дұрыс. Мысалы біз үнемі қозғалыста болғандықтан Амели ұшақта қиналмай отырады, көшіп жүргенімізде сабырлы және біз бірнәрсені зерттеумен айналысып жүргенімізде слингте (балаларды көтеруге арналған киім) ұйықтай береді. Баламен қыдыру қиын, бірақ ол әбден мүмкін нәрсе! Бала өзін қалай ұстайтынына ата-ананың икемі де әсер етеді. Бәріне сабырмен қараған сайын, баламен қозғалу да жеңіл болады. Оны сіз сезбегенде кім сезеді? Ал жағдай сен ойлағандай болмай жатса, «ашу — дұшпан» екенін түсінген дұрыс. Балалар бәрін сезеді. Қорқынышқа қарағанда позитив көп болуы керек!» — дейді Лейла.

Сонымен қатар, Лейла баламен саяхаттаудағы пайдалы лайфхактарды бөлісті.

«Ең алдымен маңыздысын айтайын — слинг сатып алыңыздар. Шыны керек, оның көмегі зор. Бала анасының не әкесінің денесіне жақын болса тынышырақ болады. Одан бөлек, баланың ұйқысын өзіңізге қарай ыңғайлап алыңыз. Ұйқы бала өмірінде маңызды, бірақ оны өз ритміңізге қарай ыңғайлап алсаңыз болады. Балаға тыныштық пен тазалықтан гөрі бақытты ата-ана қажет», — дейді Лейла.

Лейла Измаилова баламен саяхаттауды ойлап жүрген, бірақ әзірге қорқып жүрген жандарға кеңес берді.

«Маған немесе отбасымен саяхаттап жүрген блогерлерге жазылыңыз. Расында, оларды көріп, сіздің де қолыңыздан келетінін түсінесіз. Біздің не артықшылығымыз бар? Дұрыс, ешқандай. Бастысы — мотивация мен ынта, қалғанының мәні болады, ал мен мотивация беруге дайынмын», — деді Лейла.

Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!